Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке тұлғаның құқықтарын қорғауды күшейту туралы

09 қаңтар 2020 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

2019 жылғы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Бас прокуратура әзірлеген, Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке тұлғаның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері жөніндегі заңға қол қойды.

Заң ағымдағы жылғы 11 қаңтарда қолданысқа енгізіледі.

Қылмыстық кодексте зорлау, ұрлық, браконьерлік, есірткі қылмыстары, мас күйінде автокөлік құралын басқару, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы өзге де қоғамдық қауіпті қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді.

Жас баланы өлтіргені, мал ұрлығы, есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау, киіктерді заңсыз аулау және жою және дериваттардың айналымы, көлік құралын жүргізуші адамның мас күйінде жол жүру ережелерін бұзуы, жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, қорықшыға күш жұмсау және өміріне қол сұғу үшін қосымша жауапкершілік енгізілді.

Көлік құралын мас күйінде жүргізген және жүргізу құқығынан айырылған, сондай-ақ абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан, мас күйінде ЖКО жасаған адамдарға қатысты өмір бойы жүргізуші құқығынан айыру енгізілді.

Қылмыстық-процестік кодексте процеске қатысушылардың құқықтары күшейтілді және жеделдетілген сотқа дейінгі тергеуді және бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері кеңейтілді. Кепілгерлікке байланысты жазадан босату кезіндегі кепіл мөлшері төмендетілді; қылмыстық теріс қылықтар туралы істерді тергеу тәртібі жеңілдетілді; прокуратураның колониялар қызметкерлері қабылдаған шешімдердің заңдылығын қадағалау функциялары күшейтілді және басқалары.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте отбасылық-тұрмыстық саладағы құқыққа қайшы әрекеттер, ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілік күшейтілді. 

Заңмен тағы 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Неке және отбасы туралы кодекске жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды Қазақстан азаматтарының отбасыларына орналастыруға жәрдем көрсететін ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі нормалар енгізілді.

Көші-қон туралы заңда шетелдіктерді 5 тәулік ішінде міндетті тіркеу алынып тасталды және қабылдаушы тұлғалардың (қонақ үй әкімшіліктері, туысқандары және т.б.) келгендер туралы ішкі істер органдарына хабарлау міндеті енгізілді.

 

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі